Абдулла Садиров 1913 жылы қазіргі Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Баяндай ауылында туған. 1932 жылдан бастап ұйғыр өнер үйірмесінде қызмет еткен ол досы Жалал Асимовпен бірге «Анархан» драмасын жазған. Қазіргі Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік Ұйғыр музыкалық комедия театры 1934 жылы осы спектакльмен өз пердесін ашқаны белгілі. А.Садиров сондай-ақ «Назугум» монологының тағы көптеген ән мәтіндерінің авторы. Сонымен қатар ол «Анархан», «Ғаріп-Санам», «Аршин мал алан» фильмдерінде түрлі рөлдерді сомдаған. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, Панфилов дивизиясының құрамында Мәскеу төңірегіндегі шайқастарға қатысқан ол 1942 жылы қанды майданда ерлікпен қаза болды.
Аминам Мусаева
Аминам Мусаева 1918 жылы қазіргі Жетісу облысының Жаркент қаласында туған. 1935 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Ұйғыр театрында қызмет етті. «Аршин мал алан» музыкалық комедиясындағы Теллинің бейнесі – оның ұйғыр сахнасында сомдаған ең алғашқы рөлі. Бұдан бөлек ол И.Поповтың «Отбасы», Х.Х.Ниязидің «Бай мен батрақ», Ж.Асимов пен А.Садировтың «Анархан», К.Голоьдониның «Қонақ үй қожайыны», С.Жамалдың «Қара гүл» деген сияқты көптеген спектакльдерде әртүрлі рөлдерді сомдау арқылы ұйғыр театрының қалыптасуына және дамуына лайықты үлесін қосқанымен тарихта қалды.
Бөкежан Юлдашев
Бөкежан Юлдашев 1916 жылы қазіргі Жетісу облысының Жаркент қаласында туған. Оның Ұйғыр театрындағы еңбек жолы 1936 жылдан басталып, ол мұнда, негізінен, музыканттар труппасының жетекшісі ретінде қызмет етті. Б.Юлдашев өнер ордасында еңбек еткен қысқа уақыт ішінде ұйғыр халық ән-әуендері мен «Он екі мақам»дың сарын-дастандарына негізделе олтырып, «Анархан» мен «Ғаріп-Санам» спектакльдерінің музыкаларын реттеп, жетілдіріп, жазып шыққан болатын. Алайда оның бұл бағытта шығармашылық тұрғысынан ізденіп, қызметін жалғастыруына мүмкіндік берілген жоқ. Себебі, 1937 жылы саяси құғын көріп, «халық жауы» деген сылтаумен сүргінге ұшырады. 1955 жылы өз еліне аман-есен оралған өнер иесі 1974 жылы жарық дүниемен мәңгілікке қоштасты.
Ғуламхан Жалилов
Ғуламхан Жалилов 1901 жылы қазіргі Жетісу облысына қарасты Жаркент қаласында туған. Дарындылығының нәтижесінде ұйғыр халқының тарихи отанының Құлжа, Сүйдің секілді қалаларында музыкант ретінде даңқты болып үлгерген ол 1933 жылы театр құру мақсатында Алматы қаласына келді. Мұндағы еңбек жолын алғаш музыкант болудан бастаған ол кейінірек түрлі спектакльдерде рольдерді де сомдады. Сондықтан оның есімін Ұйғыр театрының құрылуына әрі музыкант, әрі актер ретінде көп үлес қосқан ардақты өнер иелері қатарында ілтипатпен атаймыз. Әсіресе, оның Ұлы Отан соғысы жылдарында театрдың ауыр жүгін арқалап, көп тер төккенін ерекше атап өтпеу мүмкін емес. Осындай машақатты еңбектерінің нәтижесінде ол 1945 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атаққа ие болды. Оның орындауындағы «Анархан», «Қозы Көрпеш – Баян Сулу», «Ғаріп – Санам» спектакльдеріндегі – Сұлтанбайдың, Қарабатырдың және Ақылдардың образдары, шынымен де, театр тарихындағы қайталанбас образдар.
Асқаржан Акбаров
Асқаржан Акбаров 1910 жылы қазіргі Жетісу облысына қарасты Жаркент қаласында туған. Шебер дойрашы болған ол 1935 жылы Алматыда жаңадан құрылған Ұйғыр театрына жұмысқа қабылданып, 40 жылдан астам уақыт осында музыкалық жетекші болып қызмет атқарды. Музыканттың Ұлы Отан соғысы жылдары өте ауыр кезеңді басынан өткерген әріптестерінің қатарында болып, өнер шаңырағының сақталып қалуына лайықты үлес қосқанын айрықша атап өткен жөн. Сондай-ақ ол театрдың негізін қалаған ардақты өнер майталмандарының бірі ретінде көптеген шәкірттерді тәрбиеледі, ондаған әндерді жазды, актер ретінде де бірқатар рөлдерді сомдады. Сол еңбектерінің нәтижесінде 1945 жылы «Қазақ КСР-нің қызмет көрсеткен әртісі» деген құрметті атаққа ие болды. А.Акбаров 1981 жылы шілденің 16 күні қайтыс болды.
Ахмет Сопиев
Ахмет Сопиев 1916 жылы қазіргі Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Қорам ауылында туған. Оның артист ретіндегі еңбек жолы 1935 жылы Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы Ұйғыр музыкалық драма театрынан басталған. Әндіжан театрында ол «Анархан» спектакліндегі Бақтияның бейнесін ойдағыдай жаратты. 1946 жылы аталмыш театрдың жабылып кетуіне орай Ахмет Сопиев жұбайы Саламатхан Розиқұловамен Қазақстандағы Ұйғыр театрына ауысты. Мұнда ол тағы да сол «Анархан» спектакліндегі Бақтияның, сондай-ақ Саит, Сопахун қажы, Әлабай, Лозуңбек сияқты кейіпкерлердің рөлдерін сомдады. Актер бұдан бөлек Хапиз («Ғаріп-Санам» спектаклі), Мәддихан («Қожа Насыр»), Назым («Тахир-Зухра»), Велли («Аршин мал алан»), Сопы («Нұрхан»), Молда дос («Майсараның қитұрқысы»), Момын шал («Ақ кеме»), шал («Анамдың ақ көйлегі») тәрізді кейіпкерлердің образдарын да сәтті жаратты. Оған «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атақ берілгенде міне осындай еңбектерінің қаперге алынғаны даусыз.
Ахмет Шамиев
Ахмет Шамиев 1908 жылы қазіргі Жетісу облысына қарасты Жаркент қаласында туған. 1934 жылдан бастап Ұйғыр театрында істей бастаған ол 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, Сталинград маңындағы қанды шайқастарға қатысты. 1945 жылы Чехословакияда жарақаттанып, майданнан оралған соң театрдағы қызметін қайта жалғастырды және жергілікті қаламгерлермен қатар Мольер, Горький, Шекспир, Гоголь, Гольдони, Погодин сынды әлемге танымал драматургтардың классик шығармаларындағы ірі кейіпкерлердің бейнелерін жаратты. Олардың ішінде, әсіресе, Саит пен Отелло образдарының аса жарқын шыққанын және сол арқылы есімін театр тарихына алтын әріптермен жазып қалдырғанын айрықша атап өтпеу мүмкін емес. Ол сондай-ақ ән жазу, оны нақышына келтіріп орындау қабілетімен де ерекшеленді. Бұдан бөлек «Қазақфильм», «Өзбекфильм», «Қырғызфильм» киностудияларының шақыруымен «Егер біздің әрқайсымыз...», «Оның уақыты келеді», «Біз Жетісуданбыз», «Жартастағы шынар» деген сияқты көркем фильмдерде бас рөлдерді сомдады. Өмірінің соңына дейін ұлттық өнерімізді дамыту жолында осындай қызмет еткен Ахмет Шамиевтің еңбегі лайықты бағаланып, 1969 жылы оған «Қазақ КСР-нің халық әртісі» деген мәртебелі атақ берілді.
Иззетгүл Нұрметова
Иззетгүл Нұрметова 1922 жылы қазіргі Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында туған. 1940 жылы Ұйғыр театрына жұмысқа қабылданған ол өмірінің соңына дейін сонда қызмет көрсетті. Оның Ұлы Отан соғысының ауыртпалықтары кең етек жайған ең қиын кездерде жаңа туылған қызын анасына қалдырып, ән-би арқылы қажыған жұртшылыққа медеу болу мақсатында ауыл-ауылға гастрольға барып, жанкештілікпен еңбек еткенін әсте ұмытуға болмайды. И.Нұрметова «Анархан», «Ғаріп-Санам», «Нурхан», «Аршин мал алан» тағы басқа да көптеген спектакльдерде әртүрлі кейіпкерлердің бейнелерін сомдап, ұйғыр ұлттық өнері тарихында өзіндік із-таңбасын қалдырып кетті. Әсіресе, оның орындауындағы «Ене» комедиясы мен «Анархан» драмасындағы ене мен Гүлзараның рөлдері артындағы ұрпақтар үшін үлгі-өнеге болатындай деңгейде сомдалғанымен ерекшеленеді.
Исмаил Аюпов
Исмаил Аюпов 1909 жылы қазіргі Жетісу облысына қарасты Жаркент қаласында туған. Ұйғыр театрының құрылуына негіз болған Алматы қаласындағы «Аз ұлттар клубы» жанындағы өнер үйірмесіне 1933 жылы шақырылған. Соның өзі оның кәсіби ұйғыр театрының негізін қалағандардың бірі болып саналатынын дәлелдейді. Шебер музыкант, дарынды актер болған ол 1937 жылы саяси қуғынға ұшырап, тұтқындалды. Содан кейін нақақтан-нақақ «халық жауы» деген жаламен Қиыр Шығысқа жіберіліп, өмірінің он жылын қатаң жағдайда ауыр еңбекпен өткізді.
Жалал Асимов
Жалал Асимов 1907 жылы қазіргі Жетісу облысының Жаркент қаласында дүниеге келген. Ол Абдулһәй Садировпен бірге 1934 жылы «Анархан» пъесасын жазып, өзі онда тұңғыш рет бас кейіпкер Хамраның рөлін сомдаған. 1936 жылы Ж.Асимовтың өнер саласындағы еңбегі лайықты бағаланып, ол «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атаққа ие болды. Ал 1941 жылы Өзбекстан КСР Мәдениет министрлігінің шақыруымен Әндіжан қаласындағы Ұйғыр театрына қызметке ауысып, онда көркемдік жетекші және режиссер болып істеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Ж.Асимов бұл театр сахнасында отансүйгіштік рухтағы бірқатар спектакльдерді қойды, жаңа әндерді шығарды. Сонымен ғана шектеліп қалмай, «Анархан»нан кейін «Ана тағдыры», «Сырлы қанжар» сияқты сахналық шығармаларды жазды. Дарынды актер, режиссер, драматург Жалал Асимов 1968 жылы өмірден өтті.
Малик Сәлимов
Малик Сәлимов 1909 жылы қазіргі Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Киікбай ауылында туған. 1941 жылы Ұйғыр театрына жұмысқа орналасқан ол өмірінің соңына дейін ұйғыр ұлттық өнерін дамыту жолында тынымсыз еңбек етті. М.Сәлимов жаратылысынан дарынды актер әрі музыкант болғандықтан сол кездегі театр репертуарынан ол қатыспаған бірде-бір спектакльді немесе концерт бағдарламасын табу қиын еді. Өкініштісі, сондай жойқын шабытпенен шығармашылық тұрғысынан ізденіп істеп жатқан мезгілде, яғни 1954 жылы Ұйғыр театры әртістерінің Мәскеу қаласына жасаған гастролі кезінде дарынды өнер иесі кенеттен көз жұмды.
Межит Ахметов
Межит Ахметов 1911 жылы қазіргі Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Жарылғап ауылында туған. Кәсіби Ұйғыр театрының негізін қалағандардың бірі болған ол, көбінесе, комедиялық рөлдерді ойнайтын. М.Ахметов жаратқан образдар арасында «Анархан» спектакліндегі Сопахун мен «Ғаріп – Санам» драмасындағы Хафиздың бейнелері жоғары шеберлікпен сомдалғаны үшін ерекше орында тұр. Өкініштісі, актердің өмір жолы қысқа болып, ол 1958 жылы кенеттен көз жұмды.
Мариям Семетова 1916 жылы қазіргі Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Қаратұрық ауылында дүниеге келген. Оның Ұйғыр театрындағы қызметі 1935 жылдан басталады. Ол, әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында, басқа әріптестерімен бірге, ұйғыр ұлттық өнерін дамыту жолында көптеген қиыншылықтарды басынан өткерді. Қыстың қарлы, боранды күндерінде жағдайдың жоқтығына, азық-түлік пен киім-кешектің аздығына қарамай, ауыл-ауылдарды жаяу аралап, ойын көрсетіп, концерт беріп, міскін халықтың рухын көтерді. Ол сомдаған «Анархан», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Малиновкадағы той», «Майсараның қитұрқысы» деген сияқты спектакльдердегі бас кейіпкерлердің рөлдері ел ішінде актрисаның абырой-беделін арттырды. М.Семетованың Шекспир, Гольдони, Горький, Мольер, Попов сынды әлемдік драматургияға тән сахналық қойылымдарда жаратқан образдары да өте сәтті шықты. Осындай қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1965 жылы оған «Қазақ КСР-нің халық әртісі» деген құрметті атақ берілді, сондай-ақ Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды. Ол 1967 жылы 51 жасында жарық дүниемен мәңгі қоштасты.
Мәхпир Бақиев
Мәхпир Бақиев 1915 жылы қазіргі Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Жаңашар ауылында туған. 1935 жылы Ұйғыр театрына жұмысқа қабылданған ол басында бірқатар спектакльдерде әртүрлі рөлдерді ойнайды. Кейін Ұлы Отан соғысы басталып, алғашқылар қатарында майданға аттанады және қызу шайқастарға қатысады. Новороссийск қаласының маңайында болған сондай қанды қырғындардың бірінде М.Бақиев ауыр жарақаттанып, госпитальда біраз емделген соң үйіне жіберіледі. Ол соғыстан кейін де театрдағы қызметін жалғастырып, Хамра, Ғаріп, Қозы Көрпеш, Хайдар, Қадыр, Ғопыр сияқты бірқатар кейіпкерлердің рөлдерін сомдады. Кейінірек Садыр Балуан, Махмут Қожамияров сынды ірі тұлғалармен бір қатарда комедиялық жанрдағы шығарма кейіпкерлерінің бейнелерін де ойдағыдай жаратты. «Майсараның қитұрқысы»ндағы – Қазының, «Үйлену»дегі – Кочкаревтің, «Қожа Насыр»дағы – Құззаттың, «Машади ғубат»тағы – Машадинің, «Сенің қара көздерің»дегі – Бағбан шалдың рөлдері соның айқын көрінісі. Актердің өнер саласындағы еңбегі лайықты бағаланып, ол 1971 жылы «Қазақ КСР-нің халық әртісі» деген құрметті атаққа ие болды.
Мирхелил Зайнаудинов
Мирхелил Зайнаудинов 1911 жылы қазіргі Жетісу облысына қарасты Жаркент қаласында туған. 1935 жылы Ұйғыр театрына жұмысқа қабылданған ол 1941 жылы алғашқылар қатарында Ұлы Отан соғысына аттанды. 1946 жылы майданнан аман-есен оралып, театрдағы қызметін жалғастырды. Актер сомдаған «Анархан» спектакліндегі – Бахтияның, «Ғаріп – Санамдағы» – Шах Аббастың, «Малиновкадағы тойдағы» – Нечипордың, «Отеллодағы» – Ягоның тағы басқа да кейіпкерлердің ірі бейнелері көрермендердің үлкен алғысына ие болып, театр мәртебесін өсірді. М.Зайнаудинов сондай-ақ «Ауру тістер», «Құлжа үстінде нұр», «Тасбалта ғашық», «Нұрхан», «Пай, қыздар-ай», «Қожа Насыр» сынды сахналық туындыларды қойып, режиссер ретінде де ұйғыр ұлттық өнерін дамытуға лайықты үлесін қосты. Осындай еңбектерінің нәтижесінде ол 1963 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атаққа қол жеткізді. М.Зайнаудинов 1978 жылы қазанның 20 күні 67 жасында өмірден өтті.
Омар Закиров
Омар Закиров 1896 жылы қазіргі Жетісу облысына қарасты Жаркент қаласында туған. Өнер саласындағы қызметін кіндік қаны тамған өңірдегі «Көккөйнәкликләр» үйірмесінен бастап, 1933 жылы бүгінгі Ұйғыр театрының құрылуына негіз болған Алматы қаласындағы «Аз ұлттар клубы» жанындағы ұйғыр көркемөнерпаздар үйірмесіне шақырылған. Ұйғыр театрының негізін қалағандардың бірі болған ол өлең шығарып, ән шырқауға тым шебер еді. Сондай-ақ ол ұйғыр ұлттық сахнасында Садыр Балуанның, Саиттың образдарын сәтті сомдау арқылы көрермендер көңілінен орын алуға қол жеткізген дарынды актерлердің бірі болатын. Өнер иесі ретінде қалыптасып, өзінің білгендерін жастарға үйретіп жүрген ол 1937 жылы саяси қуғынға ұшырап, тұтқындалады, 1938 жылы нақақтан-нақақ өлтіріледі.
Реһан Марупова
Реһан Марупова 1915 жылы Алматы қаласында туған. Ұйғыр театрына 1940 жылы жұмысқа қабылданған ол өмірінің соңына дейін осы мәдениет ошағында қызмет көрсетті. Оның актриса ретінде даңққа бөленуіне, бірінші кезекте, «Анархан» спектакліндегі Петханның рөлі түрткі болды деп айтуға болады. Р.Марупова одан бөлек «Ғаріп – Санам», «Бай мен батрақ», «Үйлену», «Нұрхан», «Жаманның кесірі...», «Қара гүл» деген сияқты бірқатар спектакльдерде әртүрлі кейіпкерлердің образдарын сәтті жарата білді. Ұйғыр театрын дамыту бағытындағы осы еңбектері ескеріліп, ол медаль және Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған. Р.Марупова 1987 жылдың маусым айында қайтыс болды.
Ризвангүл Тохтанова
Ризвангүл Тохтанова 1917 жылы қазіргі Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында дүниеге келген. Он жеті жасында, яғни Ұйғыр театры ресми ашылған 1934 жылы жұмысқа қабылданып, содан кейінгі ғұмырын ұйғыр ұлттық өнерін дамытуға арнады. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиындықтарға шыдап, театрдың сақталып қалуына лайықты үлесін қосқан ол өнер саласындағы көп жылдық қызметі барысында мінез-құлқы бір-бірене ұқсамайтын жүзге жуық образдарды сомдады. Әсіресе, ол орындағын «Анархан», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Малиновкадағы той», «Зыковтар», «Отелло», «Тахир мен Зухра», «Майсараның қитұрқысы» сияқты спектакльдердегі бас кейіпкерлердің рөлдері өте сәтті шыққанымен ерекшеленеді. Р.Тохтанова сондай-ақ әнші ретінде де көрермендердің қызу алғысына бөленген қабілеті жанжақты өнер иесі болатын. Оның 1945-жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атаққа ие болуы да содан.
Рошангүл Илахунова
Рошангүл Илахунова 1922 жылы қазіргі Жетісу облысына қарасты Жаркент қаласында туған. Ұйғыр театрындағы еңбек жолы 1943 жылы басталған. 1945 жылы Алматы қаласында ұйғыр өнерінің он күндігі өтіп, оның аясында Ұйғыр театрының ұжымы «Анархан», «Ғаріп – Санам», «Тахир мен Зухра» спектакльдерін және үлкен концерттік бағдарламаны көрермендер назарына ұсынады. Сол кезде жоғарыда аталған қойылымдардағы Анархан, Санам, Зухра сынды бас кейіпкерлердің рөлдерін Рошангүл Илахунова сомдап, өзінің айқын дарын иесі екенін көрсетті. Ол сондай-ақ «Нава» ансамблінің негізін қалағандардың бірі болып, сыңғыр дауысты әнші ретінде де көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Р.Илахунованың сахнада жаратқан образдары көп. Мысалы, соңғы жылдарда ол «Анархан» спектаклінде – Гүлзараның, «Келіндер көтерілісі»нде – Парманбибідің, «Одиссейдің қаһары»нда – Эвриклеяның, «Мақамшылдар»да – Гүлшәнімдің, «Анамның ақ көйлегі» мен «Шетелдік»те – аналар рөлдерін жоғары шеберлікпен ойнады. «Анамның ақ көйлегі» драмасындағы рөлі үшін КСРО Мәдениет министрлігі мен КСРО Жазушылар одағының бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды. 1971 жылы болса, «Қазақ КСР-нің халық әртісі» деген құрметті атаққа ие болды.
Саламатхан Розықұлова
Саламатхан Розықұлова 1918 жылы Ұйғыр театрына жұмысқа қабылданып, 1941 жылы Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы Ұйғыр театрына ауысады. Алайда 1948 жылы көрші республикадағы театрдың жабылып қалуына байланысты отбасымен Қазақстанға қайта оралып, сол кезде Алматы облысының Шелек ауылына көшірілген Ұйғыр театрында қызметін тағы да жалғастырады. Кәсіби ұйғыр ұлттық өнерінің алғашқы қарлығаштары қатарынан орын алған актриса театр репертуарындағы «Қара гүл», «Зыковтар», «Севиль», «Тасбалта ғашық» тағы басқа да көптеген спектакльдерде әртүрлі рөлдерді сомдап, тума таланты арқылы көпшілікті тәнті етті. Оның өнер саласындағы еңбегі лайықты бағаланып, бірқатар медаль, сондай-ақ Өзбек КСР, Қазақ КСР Жоғары Кеңестерінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Селимәм Саттарова
Селимәм Саттарова 1920 жылы Алматы қаласында туған. 1934 жылдан бастап Ұйғыр театрында қызмет еткен ол аталмыш өнер шаңырағы ресми ашылған алғашқы күндерден бастап-ақ, ән шырқау, би билеу шеберлігінің жоғарылығын көрсетті. 14 жасында қазірге дейін барша актрисалар үшін үлкен сынақ мектебі болып келе жатқан «Анархан» спектакліндегі Анарханның рөлін сомдау арқылы, өзінің өнерге бейімділігін дәлелдеді. Соның нәтижесінде 1937 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атаққа ие болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында да С.Саттарова «Ғаріп – Санам», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектакльдерінде бас кейіпкерлердің бейнелерін сәтті жаратты. 1943 жылға дейін Ұйғыр театрында осындай жемісті еңбек еткен ол кейін қызметін Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында жалғастырып, 1957 жылы «Қазақ КСР-нің халық әртісі» деген беделді атаққа қол жеткізді.
Сайдулла Қадыров
Сайдулла Қадыровтың жастық кезеңі Жаркент пен ұйғырлардың тарихи отанындағы Құлжа, Сүйдің қалаларында өтті. Ұйғыр театрының негізін қалағандардың бірі болған ол атақты дутаршы ретінде ел ішіне кеңінен танымал болып, кәсіби өнер мекемесі қызметкерлерінің қатарына 1940 жылы қосылған. Ол «Талаға чиқсам шамили», «Ханләйлун», «Садир Палван», «Илахун биринчи», «Илахун иккинчи» деген сияқты ұйғыр халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын. Сонымен қатар ол театр репертуарындағы спектакльдерде рөлдерді сомдап, актер ретінде де ұйғыр ұлттық өнерінің дамуына лайықты үлесін қосқан.
Ханғожа Илиев
Ханғожа Илиев қазіргі Жетісу облысының Жаркент қаласында туған. Алматыдағы Ұйғыр театрының құрылуына негіз болған үйірмеге 1933 жылы келген. Ұйғыр театрының негізін қалағандар қатарына жататын ол дутарда ойнауға және халық әндерін нақышына келтіріп орындауға шебер еді. Одан бөлек «Анархан» спектаклінде – Сұлтанбайдың, «Аршин мал алан»да Багатаның тағы басқалардың рөлдерін сомдап, актер ретінде де көрермендер көңіліне жол таба білген. Алайда 1938 жылы алғашқылардан болып саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ол тұтқындалып, 1941 жылы Ленинград қаласының маңындағы ауылдардың бірінде із-түзсіз жоғалып кеткені туралы хабар келген.
Хеличам Илиева
Хеличам Илиева 1911 жылы қазіргі Жетісу облысына қарасты Панфилов ауданының Садыр ауылында туған. 1933 жылы Алматы қаласында жұмыс істеген «Аз ұлттар клубы» жанындағы ұйғыр көркемөнерпаздар үйірмесіне шақырылды. Ол да атақты музыкант әрі әнші болған күйеуі Ханғожа Илиев секілді Ұйғыр кәсіби театрының негізін қалағандардың бірі болып саналады. Ол «Анархан» спектакліндегі Анарханның рөлін ең алғаш сомдаған актриса болып, 1936 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атаққа қол жеткізді. Одан кейін де Таңсық («Қозы Көрпеш – Баян Сұлу»), Софья Михайловна («Малиновкадағы той») сияқты көптеген кейіпкерлер бейнелерін сәтті жаратқан өнер иесі Ұлы Отан соғысы жылдарында театрды сақтап қалу мақсатында тым көп қиындықтарды басынан өткерді.
Абдулла Иминов 1894 жылы Алматы облысының Шелек ауылында туған. Ұйғыр театрының алғашқы директорларының бірі болған ол кейін Өзбекстандағы Әндіжан облыстық Ұйғыр театрына ауысып, 1935 – 37 жылдарда сол мекемеде директор болып істейді. А.Иминов өте дарынды өнер иесі болатын. «Анархан» драмасында – Саиттің, Бұқа Мәзіннің, «Ғаріп-Санам»да Шах Аббастың рөлдерін шеберлікпен сомдаған ол 1964 жылы қайтыс болды.
Илахун Розықұлов
Илахун Розықұлов – ұйғыр театрының негізін қалағандардың бірі. Сауатты болмағандықтан, өзі сомдауға тиісті болған кейіпкерлердің сөздерін, біреулердің көмегі арқылы жаттап алып, рөл ойнаушы еді. Сөйтіп ол «Анархан» драмасында – Бұқа мәзіннің, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу»да – Сарыбайдың, «Малиновкадағы той»да – Нечипордың, «Отанға махаббат» спектаклінде басмашының бейнелерін сәтті сомдады. И.Розықұлов ұйғыр халқының ежелгі билерін де жақсы игерген еді. Әсіресе, «Сидир» биін епті қимылдар арқылы шеберлікпен билейтін. Жұмысқа да жоғары жауапкершілікпен қарайтын. Тіпті, 1938 жылы ұлы кенеттен көз жұмғанда да, ол сахнаға шығып, өз міндетін атқарған еді.
Һебибулла Құрбанов
Һебибулла Құрбанов – билеудің қыр-сырын жетік игерген дарын иесі еді. Ол Ұйғыр театры құрылған алғашқы күндерден бастап-ақ осы мекемеде қызмет етті. «Анархан» драмасындағы ең күрделі образ – Бақтияның рөлін алғаш сәтті сомдаған актер дәл сол Һебибулла Құрбанов деп айтуға болады. Ол сондай-ақ «Малиновкадағы той» комедиясында – Яшка артиллеристің, «Отанға махаббат» драмасында Воробьевтың бейнелерін көңілдегідей жаратты. Сонымен қатар, ол Абдулла Иминовпен бірге «Алтын портсигар» және «Жауынгер қыз» атты сахналық шығармаларды жазды. Олар 1942 – 43-жылдарда Ұйғыр театрының сахнасында қойылып, көрермендердің зор алғысына ие болды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, 1945 жылы аман-есен оралған ол театрда біраз істеп, сосын түрлі салаларда жауапты қызметтерді атқарды. Һ.Қурбанов 1964 жылы 47 жасында қайтыс болды.