Қ.ҚОЖАМИЯРОВ АТЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰЙҒЫР МУЗЫКАЛЫҚ КОМЕДИЯ ТЕАТРЫНЫҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
Ресми мәліметтер бойынша Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театры 1934 жылы қыркүйек айының 24 күні көрермендер үшін өз есігін ашқан болса да, оның өнер саласындағы қызметі едәуір бұрынырақ басталған. Яғни, 1918 жылы Жетісу өңіріндегі көрнекті саяси қайраткерлердің бірі болған Исмаил Таировтың бастамашылығы және тікелей қолдау көрсетуі арқылы Верный (қазіргі Алматы) қаласында «Азсанды ұлттар клубы» ұйымдастырылып, оның құрамында ұйғыр, татар, өзбек драма үйірмелері жұмыс істей бастады. Олардың арасында ұйғыр драма үйірмесі ерекше орынға ие болғандықтан, аталмыш клуб орналасқан Фурманов пен М.Горький (қазіргі Н.Назарбаев пен Жібек жолы) көшелерінің қиылысындағы бұрынғы Мұсылмандар мешітінің ғимараты біртіндеп «Ұйғыр клубы» деп аталып кеткен еді. Міне сол Ұйғыр клубында 1919 жылы тұңғыш рет А.Розыбақиевтың ұйғыр ұлттық драматургиясының ең алғашқы туындысы болып саналған «Мәнсәппәрәс» («Мансапқұмар») комедиясы мен И.Таиров өзбек тілінен аударған «Мәзлум хотун» («Қаналған қатын»), «Пәдәрқуш» («Әкесін өлтіруші») пьесалары қойылды.
Бірте-бірте көркемөнерпаздардың белсенділігі артып, мұндай үйірмелер Верныйдан бөлек Жаркент, Шелек, Шонжы, Қорам, Қаратұрық, Қаражота сияқты елді мекендерде де құрылды. Олар тек сол кезеңдегі өзекті мәселелерге ғана емес, сонымен қатар тарихи тақырыптарға да арналған туындыларды қоюға ұмтылды. Сол арқылы ұйғыр ұлттық драматургиясында «Садир Хаңруқ» (авторы З.Башири), «Тәләйсиз күнләр» (Б.Қасымов), «Назугум» (Н.Абдусеметов, М.Имашев, Ж. Ғаниев) атты бірқатар сахналық қойылымдар дүниеге келді.
Ұйғыр театр өнерінің даму тарихында «Көккөйлектілер» (кейде «Көк көйлектер» деп те аталады) қозғалысының да орны ерекше. Осы орайда, «Көккөйлектілер» мен олардан сәл бұрын жер-жерлерде құрылған көркемөнерпаздар үйірмелерінің қызметін бөліп қарастыруға болмайтынын айтып өткен жөн. Өйткені, тарихы Мәскеу қаласынан бастау алатын социализм идеяларын үгіттеу бағытындағы «Көккөйлектілер» қозғалысы Қазақстанға 1926 жылы келіп жеткен. Оның басында атақты композитор Латиф Хамиди тұрған. Ал көркемөнерпаздар үйірмелері бұл өңірде оған дейін де өмір сүргені белгілі. Олар Кеңес Одағы аясында кең етек жайған осы жаппай қозғалыс әсерінен тек 1926 жылдан кейін қызметін «Көккейлектілер» атымен жалғастырған болуы да мүмкін. Бірақ қалай болғанда да, дәл сол үйірмелердің бүгінгі Ұйғыр театрының қалыптасуына септігін тигізгені анық. Өйткені уақыт өткен сайын олардың қоғамдағы рөлі артып, қарапайым халықтың ғана емес, билік басында тұрғандардың да назарын өздеріне қаратқан еді.
Мұның барлығы ұйғыр театр өнерінің қалыптасуына негіз болып, кәсіби театр ашу мәселесінің пісіп жетіліп жатқанынан дәйек беретін еді. Соның нәтижесінде 1930 жылы мамыр айында Қазақ мемлекеттік театры жанында ұйғыр драма труппасын ашу туралы шешім қабылданады. Сол жылы Жаркент қаласында өткен мәдениет қызметкерлерінің отырысында Республиканың құрылғанының 10 жылдығына орай ұйымдастырылатын мәдени іс-шараларда өнер көрсету үшін тұрақты ұйғыр драма труппасын құру мәселесі қаралады.
Осы кезде «Азсанды ұлттар клубы» жанында қызмет көрсетіп жүрген Ұйғыр драма труппасы кәсіби тұрғыдан біршама жетіліп қалған болатын. Сондықтан оған үкімет тарапынан азды-көпті қаржы бөлініп, Ахмет Аюпов директорлыққа, Жалал Асимов көркемдік жетекшілікке тағайындалады. Алайда бұл Ұйғыр театрының ресми құрылған уақыты болып есептелмейді. Себебі, көптеген мәселелер әлі толық шешілмеген болатын. Кәсіби Ұйғыр театры міне сол Ұйғыр драма труппасының негізінде 1934 жылы барлыққа келді. Оның сахнасында тұңғыш көрсетілген туынды – А.Ибрагимовтың режиссерлығымен қойылған Ж.Асимов пен А.Садировтың «Анархан» спектаклі болды.
Араға жеті жыл салып, яғни Ұлы Отан соғысы басталғанда, Ұйғыр театры Алматы қаласынан 112 шақырым алшақтыққа орналасқан Шелек ауылына көшіріліп, 20 жыл барысында облыстық театр ретінде өте қиын жағдайда жұмыс істеді.
Ұйғыр театры 1961 жылы қайтадан Алматы қаласына көшіріліп, алғаш Пушкин көшесі бойындағы ғимараттардың біріне, кейін Дзержинский (қазіргі Наурызбай батыр) көшесінің бойындағы бұрын НКВД-ның клубы болған ғимаратқа орналастырылды. Алматыға келгеннен бастап республикалық мәртебеге ие болған театр қазір де сол орында қызмет көрсетіп келеді. Ал 1967 жылы болса, «Ұйғыр музыкалық драма театрының» аты «Ұйғыр музыкалық комедия театры» болып өзгертілді.
1984 жылы Республикалық мемлекеттік Ұйғыр музыкалық комедия театры құрылғанының 50 жылдығы қарсаңында көпұлтты Қазақстанның өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды.
2002 жылы Ұйғыр театрының тарихында үлкен қуанышты оқиға болды. Себебі, сол жылы өнер шаңырағы өзінің кезектегі маусымын толық қайта жөндеуден өткен жаңарған ғимаратта ашты. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қатысты.
Ал 2005 жылы болса, Ұйғыр театрының құрылғанының 70 жылдығы қарсаңында оған шығармашылығы Қазақстан музыка өнерінің құрамдас бөлігіне айналған ұлы композитор, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Құдыс Қожамияровтың есімі берілді.
2016 жылы, яғни Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ұйғыр театры «академиялық» мәртебеге ие болды.
2021 жыл да театр тарихындағы маңызды жылдардың бірі болып саналады. Себебі, осы жылы Үкімет тарапынан бөлінген қаржыға театрдың сахнасы толық қайта жөнделіп, заманауи үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Ұйғыр театры жұмыс бастаған алғашқы күндерден бастап-ақ репертуарының бай әрі алуан түрлі болуына айрықша көңіл аударып келеді. Соның нәтижесінде өткен жылдар барысында оның сахнасында тек ұйғыр драматургтерінің ғана шығармалары қойылып қалмай, сонымен қатар У.Шекспир, Ж.-Б.Мольер, Лопе де Вега, К.Гольдони, Н.В.Гоголь, Н.Ф.Погодин, Ш.Айтматов, У.Голдинг, Х.Х.Ниязи, В.Дельмар, У.Гаджибеков сияқты есімі әлемге әйгілі классиктер мен қазақ, өзбек, татар, қырғыз, әзірбайжан секілді бауырлас халықтардың туындылары да ұйғыр көрермендерінің назарына ұсынылды. Бұл дәстүр қазір де жалғасуда.
Бұдан бөлек Ұйғыр театры жанында «Нава» фольклор, «Рухсара» би, «Яшлиқ» және «Сада» эстрада ансамбльдері құрылған болып, олар көпшілікті халық және белгілі композиторлардың шығармашылығына тиесілі ән-әуендермен, билермен қуанышқа бөлеп келеді.
Көпұлтты еліміздің өнерін тек қазақстандықтарға ғана емес, сонымен қатар әлем жұртшылығына таныстыру арқылы Қазақстан мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосып жатқан ұжымдың бұл бағытта қол жеткізген табыстары да аз емес. Олар мемлекетіміз бен шетелдерде болып жатқан түрлі конкурс-фестивальдерге тұрақты қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді.