Новости Уйгурского театра
2024-06-18 18:00

«Қазақстанның ұйғыр театры әлемдік сахна өнерінің даму контексінде» атты ғылыми конференция болып өтті.

Бүгін Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен «Қазақстанның ұйғыр театры әлемдік сахна өнерінің даму контексінде» атты ғылыми конференция болып өтті. Конференцияның модераторы өнертану кандидаты, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, профессоры Еркебай Анар Саимжанқызы болды.

Конференцияда Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік Ұйғыр музыкалық комедия театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Гульбахар Насирова «Құддыс Қожамияров және ұйғыр театры», өнертану докторы, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Нұрпейіс Бақыт «Ұйғыр театр өнерін зерттеудегі Ахметжан Қадыров еңбектерінің маңызы», өнертану кандидаты, доцент, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі Мұқан Аманкелді «Ұйғыр театры және режиссер Қадыр Жетпісбаев шығармашылығы», мәдениеттану ғылымдарының кандидаты, «DUNIYA-ART» заманауи өнер галереясының президенті Гулиев Акимжан «Уйгурский театр и художники», өнертану магистрі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға-оқытушысы Ахмет Айжан «Ұйғыр театрының бүгінгі келбеті» және театр сыншысы Еркебай Анар «Ұйғыр театрының тарихы мен бүгінгі бағыт бағдары» атты тақырыптармен доклад оқыды.

Сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, профессор Алимжан Тиливалди аталмыш ғылыми конференцияның мәдениетіміз, өнеріміз үшін аса маңызды екендігін атап өтті.

Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының 90 жылдығына арналған конференцияның қатысушылары театрымыздың тарихын, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, ұлы композитор Құдыс Қожамияровтың Қазақстан өнеріне қосқан үлесі туралы өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Конференция жоғары деңгейде өтті.