Новости Уйгурского театра

ҰЙҒЫР ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІНІҢ АЛТЫН БЕСІГІНЕ – 90 ЖЫЛ

Маусым айының 21 жұлдызында Құдыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры құрылғанының 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Салтанатты шара басталудан бұрын театр алдындағы шағын алаңда ұйғыр халқының кез келген мерекесінен белгі беріп, жұртшылықты шақыратын нағыра, сырнай, керней тартылып, көпшілікке мерекелі көңіл күй сыйлады. Жүрегінде «оты» бар кейбір өнерлі жандар жарыса билеп, алаң бірден мерекелі түске енді. Әрі-бері өткен әртүрлі ұлт өкілдері болып жатқан той-думанға қызығушылық танытып, фото, бейнеге түсіріп, әлеуметтік желілердегі парақшаларына жүктеуге асықты. Осы сәтте театр ғимаратының ішінде баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, БАҚ қызметкерлері театр басшылығынан өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып отырды. Мойындау керек, соңғы жылдарда театр басшылығына елімізге танымал өнер иесі Ділмұрат Нұрахметұлы Бахаров қызметке келгеннен кейін Ұйғыр театрының екінші тынысы ашылып, көптеген жаңалықтар болуда. Спектакль, концерттерді тамашалайтын көрермендердің саны күрт өсті. Соның өзі театр қойылымдарында оң өзгерістердің болып жатқанын аңғартады. Сондықтан журналистерді қызықтырған сұрақтардың көп болғаны да кездейсоқтық емес.

Шараның ресми бөлімі ерекше салтанатпен басталды. Сахна шеберлері мен өнер жанкүйерлерін құттықтау үшін қонақтар көп келген екен. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Алмасұлы Әзілханов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Нұрмағамбетұлы Шойкин, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Закиржан Пірмұхамедұлы Кузиев, Алматы облыстық және Алматы қалалық әкімдіктердің жауапты қызметкерлері, Қазақстан ұйғырлары республикалық бірлестігі мен Алматы қалалық ұйғыр этномәдениет орталығының басшылары, «Бирлик» республикалық жігітбасылары мен Алматы қалалық жігітбасылары кеңесінің басшылары, сондай-ақ зиялылар қауымы, елімізге танымал кәсіпкерлер тағы басқалар солар қатарынан. Мемлекет әнұраны орындалғаннан кейін алғаш сөзге шыққан Марат Алмасұлы Әзілханов шебер шешендігімен көпшілік назарын өзіне қаратты. Сөзін мемлекеттік тілде бастаған ол көпшілікті айтулы оқиғамен ұйғыр тілінде құттықтап, жиналғандарды таң қалдырды. Сондай-ақ, ұлттық театр тарихын егжей-тегжейлі білетінін орыс тілінде жеткізіп, жұртшылықты тағы бір рет тәнті етті. Мемлекет қайраткерінің үш тілде де емін-еркін сөйлей білетініне, сондай-ақ ұйғыр ұлттық өнері тарихынан жан-жақты хабардар екеніне сүйсінген қауым ризашылығын бірнеше рет қол соғып көрсеткен қошеметтері арқылы білдіріп отырды. Өйткені оның байырғы, бай ұйғыр өнерін дәріптеуінен барша ұйғыр халқына деген ыстық ықыласы ашық көрініп тұрды. Содан кейін ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Сөз соңында Марат Алмасұлы театрдың ардақты қызметкерлеріне – бас дирижер Алимжан Тоқаевқа, драма әртістері Роза Бахтыбаева мен Ғайрат Тохтыбақиевке, қоюшы-сүретші Рустам Мусаевқа Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгілерін табыстады. Сондай-ақ театрдың көркемдік жетекшісі Фархадбек Канафин, труппа жетекшісі Гүлниса Садықова, режиссер Ділмұрат Жанбақиев, драма әртістері Тұрғанжан Изимов, Дилшат Аманбаев, балет әртісі Гүлнара Тұрсынова, әнші Луиза Розахунова Қазақстан халқы Ассамблеясының құрмет грамоталарымен марапатталды.

Өз кезегінде сахна төріне шыққан сенатор Закиржан Кузиев құттықтау сөзінен кейін, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Мәжілісінің төрағалары Мәулен Әшімбаев пен Ерлан Қошановтар жолдаған құттықтау хаттарының мазмұнымен көпшілікті таныстырды.

Содан кейін Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдерінің құттықтауларын өкілетті жауапты қызметшілер оқып берді. Өз кезегінде шараны қос тілде жүргізген жүргізушілер Республикалық ұйғыр этномәдениет орталығының құрметті төрағасы, «Парасат», «Достық», «Барыс» ордендерінің иегері, Алматы қалалық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік-коммуналдық мекемесі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, белгілі кәсіпкер-меценат Ахметжан Шардиновтың құттықтауын мәлімдеп, театр ұжымына ықылас гүлдерін тарту етті.

Салтанатты шара «Нава», «Рухсарә», «Сада» ансамбльдері, сондай-ақ бауырлас халықтар өнер иелерінің ән-әуендерімен жалғасты. Әсіресе, Қазақстан халық әртісі Роза Рымбаеваның театр ұжымы мен өнер жанкүйерлеріне жолдаған шынайы тілегі мен музыкалық құттықтауы залдағы көрерменді қатты толқытты. Ұлттық сахнада өшпес із қалдырған ұлағатты өнер иелері Ахмет Шамиев, Тохтахун Бахтыбаев, Ризвангүл Тохтанова, Ахмет Сопиев, Хеличам Илиева, Мәриям Семетова, Мирхалил Зайнаудинов, Рошангүл Илахунова тағы басқалардың ұлы жолын абыроймен жалғастырып жатқан жас буын өкілдерінің өсіп-өнуі әрқайсымызды тәнті етіп, қуантады. Болашаққа үмітпен қарауға ынталандырады.

Бүгін 90 жылдық мерейтойын атап отырған ұйғыр ұлттық өнерінің алтын бесігі болған театр ұжымын қызғын құттықтап, алдағы қызметтеріне бұдан да үлкен жетістіктер тілейміз! Бар болыңдар, аяулы сахна шеберлері!

Шавқат НАЗАРОВ,

тәуелсіз журналист


Возможно, это изображение 9 человек и текст
Возможно, это изображение 2 человека и текст
Возможно, это изображение 2 человека, отдел новостей и текст
Возможно, это изображение 2 человека и текст
Возможно, это изображение 2 человека, телевизор, отдел новостей и текст
Возможно, это художественное изображение (2 человека и текст)
Возможно, это изображение 6 человек, телевизор и текст